Фото из архива
Platon.kz /Ахмет Бектасов/ - Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында көптеген қоғамдық іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ал Елбасының халыққа жолдаған биылғы Жолдауы құқықтық даму мен құқықтық сауаттылық, құқықтық мәдениет мәселелерін күн тәртібіне қойса, аталған екі мәселе тамырлас екендігіне көз жеткіземіз. Тағдырлас тақырыптардың тұздығынан Ақтөбе еліне дәм татқызып, жергілікті халықпен тақырыпты осы коктемде тарқатқан «Болашақ» қозғалысының үлгілі ісіне тоқталсақ.
Еліміздің Ата Заңының негізгі тетіктерін тереңнен түсіндіру жолында қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың атқарар рөлі мен қызметі орасан зор екені баршамызға мәлім. Азаматтық қоғамды, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтік желісін дамыту – құқықтық сауаттылықты еселеудің еңселі механизмдерінің бірі екендігі хақ. Азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шараның бірі жақында Ақтөбе облысының орталығында республикалық «Болашақ» қозғалысымен ұйымдастырылған болатын. Үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері бас қосқан игі шара Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен «Құқықтық сауаттылық: тәуелсіздіктен тәрбие мен тағылым» атты тақырып аясында өрбіді.
Іс-шараның негізгі қызу пікір-талас тудырған бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - еліміздің жиырма жылда жеткен табыстары мен жетістіктері, одан арғы дамуымыздың алғышарттары мен Қазақстан Республикасы азаматтарының тәуелсіздіктен алған тәрбиесі мен құқықтық сауаттылығы болды. Әсіресе құқықтық даму бағыты мен конституциямызды жіте түсініп, дұрыс пайдалану мәселелері алға тартылды.
Сондай-ақ тәуелсіздіктің жиырма жылында конституциялық құрылым, оның жетістіктері, азаматтардың құқықтық үрдістерге қатысу деңгейі айтарлықтай алға жылжығаны туралы аталды. Әсіресе, бұл үрдіс жеке меншіктік шаруаның дамуымен құқықтық сауат көтерілгені және тұтастай азаматтық бастамалардың артуы негізінде айқын танылып отыр деген ортақ тұжырым жасалды. Сөз жоқ, саясаттану мен әлеуметтану мамандары дәлелдегендей, жеке меншіктік құқық – азаматтардың тәуелсіздігінің және олардың құқықтық белсенділігінің басты алғышарттары. Бұл бағыт бойынша тәуелсіз Қазақстан 20 жылдық дамуында зор жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, жеке меншіктік шаруа мен кәсіпкерліктің дамуы калың бұқараның құқықтық сауатына бір дем берсе, заңмен жан-жақты қорғалып отырған, бұл салалар бүгінде қарыштап дамуда.
Жалпы елімізде азаматтардың жеке кәсіп ашып, іс жүргізуіне, сол арқылы өзі де нәпақа тауып, өзгеге де жағдай жасауына кең жол ашылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кәсіпкерлік субъектілерінің еркін әрі оңтайлы жағдайда дамуына барлық жағдайлардың жасалуын және де кіші – орта бизнестің дамуына қолайлы қаржылық климат қалыптасуын жіті қадағалап келеді. Ол үшін барлық құқықтық негіздер мен нормативтік базалар заман талабына сай өміршең күйге еніп жатса, саланың уақыт өткен сайын туындап жататын мәселелерін шешу тетіктері күннен күнге артып келеді.
Десе де, азаматтық қоғам мен құқықтық сауаттылық мәселесінде көңіл бөлерлік тұстар әлі де аз еместігі назар аудартады, - дейді «Болашақтықтар». Басқосуға қатысушылар қоғамымызда құқықтық сауаттылық пен мәдениеттің деңгейі аса жоғары болмай отырғандығын тілге тиек етіп, бұл мәселені шешудің жолдарын ортаға салды. Түрлі көзқарастар мен ұсыныстар айтылды. Мысалы, Ақтөбе қалалық «Болашақ» қозғалысының филиалын басқарып отырған Тәжіғұлов Ербол: құқықтық мәдениеттің елімізде төмен болуының себептерін түрліше тарқатып, бұл баршаға ортақ мәселе екендігін атады. «Жалпы, бұл мәселе тарихи, әлеуметтік, саяси бағыттарға ортақ болып табылады» дейді ол.
Батыс Еуропада немесе АҚШ-та азаматтар мемлекеттік және де басқа да субьектілермен немесе ұйымдармен терезелері тең құқылы тарап ретінде толыққанды құқықтық қарым-қатынасқа түсе алады. Бізде мұндай үрдіс байқалмайды. Мысалы, салық төлеу бағытын алатын болсақ. Елімізде азаматтармен өтелетін салық жұмыс беруші тарапынан автоматты түрде алынса. Ал, АҚШ-та азаматтар салықты өздігінен, заңмен бекітілген мерзімде өтейді. Мұның өзі айрықша тәжірибе, өйткені азаматтар мемлекетпен тең құқылы субьект ретінде құқықтық қарым-қатынас жасап отыр. Сондай-ақ бұл үрдіс азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуына да зор ықпал етеді. Мұндай тәжірибе батыстық қоғамның барлық деңгейлерінде көрініс тапқан, нәтижесінде, заңгерлік қызметке деген сұраныс еселеніп, оның маңызы артуда. Бұл жүйенің негізгі мәні – азаматтардың дербес шешім қабылдап, өз өмірін өзі басқаруында.
Біздің мемлекетіміз бұл тұрғыда азаматтарға сенім білдіруден гөрі, көбіне жағдайды өздігінен реттеу тетігін қолға алады. Меніңше, бұдан қашқақтаудың еш қажеті жоқ. Сайып келгенде, мұндай қадам мемлекеттік аппаратқа түсетін салмақты азайтып, мемлекеттік органдардың жұмыс кестесін жеңілдетер еді. Онсыз да осыған қол жеткізуге біздің ел көптен бері күш салып келеді ғой, - деп Ербол елді елең еткізді. Ойға жем болар, жанды пікір мен тапқыр ұсыныстар Ақтөбелік «Болашақтың» көшбасшысына көпшіліктің назарын еріксіз аудартты.
Басқосуда саясаттанушы Белгібаев Серік біздің қоғамға әсер етіп келе жатқан тарихи тәжірибеге қатысты мәселені қозғады. «Бізде даланың құқықтық дәстүрлері мен әділеттілік орнату бағыты әлі де қалыспай келеді. Алайда, далалық құқық дәстүрі, яғни дала заңы қазіргі заманауи жүйеге ешқандай ықпалын көрсете алмай отыр. Өкінішке орай, құқықтық сауаттылықтың төмендігіне бір жағынан бұрынғы дәстүрлі құқықтардың әсері мол болып отыр», - дейді ол.
Елімізде азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселесіне айрықша көңіл аударылып, маңыз беріліп отырғаны белгілі. Сарапшылардың дені азаматтық қоғамның дамуымен қатар қоғамның заңға деген қарым-қатынасы да мейлінше дами түсетінін алға тартып жүр. Азаматтық қоғам біртұтас қоғамдық жүйе ретінде қарастырылатыны мәлім. Ал қоғамды біртұтатас жүйеге келтірудің өзі – үлкен тарихи үрдіс. Біздің еліміз Ата Заңның аясында осы бағытты барынша қолға алып, дамыту үстінде. Азаматтық қоғам дегенде ауызға оралатын үкіметтік емес ұйымдар бүгінгі күні мемлекеттік тұрғыдағы мәселелердің жүзеге асуына көптеп атсалысып отыр. Бұған мүмкіндіктер жасалған. Тек белсенді әрі нәтижелі жобалар болса болғаны.
Ата Заңның үстемдік мәртебесін өміршең ету, заңдарға бағынушылық деңгейін арттыру, құқықтық сауаттылықты көтеру – бұл баршаға ортақ мәселелер. Сондықтан бұдан ешкім шеткері қала алмайды. Бұл ретте Еуропа елдерінің тәжірибелеріне көз салып, құлақ түріп үлгілі тұстарына назар аудару еш артықтық етпейді. Қысқаша айтқанда пікірталасқа қатысушы сарапшылардың біразы осындай тоқтамға келді.
Азаматтардың саяси белсенділігінің жоғары болуы қай кезеңде де үлкен маңызға ие болған. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамның саяси белсенділігі, саяси үрдістерге деген көзқарастары лайықты деңгейде емес. Азаматтардың барлығы дерлік өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды біле бермейтіні күнделікті өмірде айқын көрініп қалатын кездері болады. Басқосу барысында айтылған пікірдің тағы бір ұшы – азаматтар өз құқықтарын қорғау мақсатында соттарға жиі жүгіне бермейді. Бұл олардың мемлекетпен өзара қарым-қатынастарының тең емес деген ұстанымға иек артатынын айғақтайды.
«Өкінішке орай, біздің азаматтардың заңдарды білуі төмен деңгейде. Көпшілігі өз құқықтарын белсенді түрде қорғауға дайын емес. Сонымен қатар құқықтық мәдениетке сыбайлас жемқорлық секілді жағымсыз індет те кері әсерін тигізіп отыр. Жемқорлық – заңды белден басып, оның талаптарын айналып өтуге, заңнамаларды құртуға жол беретін жағымсыз құбылыс. Сондықтан да осынау індетпен нәтижелі күрестің тиімді тетіктері ауадай қажет», - дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Фархад Қасенов. Елбасымыздың жыл сайынғы жолдауларының негізгі бөлімдерінің біріне айналған қоғамымыздағы жемқорлық мәселесі, ел азаматтарының құқықтық сауатының дамуына кедергі екенін, «Болашақтың» басшысы осылайша айрықша атап өтті.
Сарапшылардың басым бөлігі жең ұшына жалғасқан сыбайлас жемқорлық – жүйелік сипатқа ие құбылыс екендігін, онымен күштік негізде күресудің тиімділігі аздығын алға тартты. Бұл ретте, жемқорлыққа жол берілетін мүмкіндіктерді шектеу үшін мемлекеттік қызмет көрсетулердің жүйесін оңтайландыру саясатын жүргізу қажет деген пікірлер де тілге тиек болды.
Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру үшін айқындалған тұжырымдама жасалуы қажет деп есептейді форумға қатысқан сарапшылар. Біріншіден, азаматтардың құқықтық білім меңгеруін жолға қою, ол үшін орта мектеп деңгейінен бастап көңіл бөлінуі керек. Екіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша Елбасымыз Н.Назарбаевтың ұсынысымен ТМД елдері төңірегінде ең алғашқы болып заң қабылдаған Қазақстанның осы індетпен нәтижелі күресін еселеп арттыру, жемқорлыққа жол ашатын жағдайлардың алдын алып, жолын кесу керек. Азаматтардың мемлекетпен терезелес теңдей құқықтық қарым-қатынасын арттыру қажет. Үшіншіден, кез келген азаматтың тікелей өзіне жауапкершілік жүктейтін құқықтық жүйені қалыптастырған жөн.
Сайып келгенде, осының барлығына бүгінгі қолданыстағы Конституциямыз толықтай мүмкіндік береді.
Мінекей, маңызды тақырыпты талқыға салып тарқатқандардың тоқтаған үш ұстанымдары осылай өз соңына жетті.
Новости партнеров
Статьи Клуба
- 0
- 1
- 2

Серикжан Мамбеталин
Мирхат Серикбаев
Гадильбек Акимов
Элеонора Развина



































